Ескек есуден Азия чемпионаты: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті
Қытайдың Наньчан қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.»Жұптасып байдаркада 500 метрге жарыста Ольга Шмелёва мен Ирина Подойникова мәреге бірінші келді. Одан кейінгі орынға Қытай мен Жапония спортшылары жайғасты», – деп жазылған хабарламада.Тәжірибелі Ольга мен Ирина ұзақ жылдан бері Ұлттық құрама сапында. Азия чемпионатына 2007-2009 жылдан бері қатысып, бірнеше мәрте чемпион атанған.Қазір жалпы есепте 9 алтынмен жарыс қожайыны Қытай көш бастап тұр. Одан кейін 1 алтын медалі бар Қазақстан мен Вьетнам командасы келе жатыр. Финалдар кешке дейін жалғасады.